Емшек сүтіне бактериологиялық бақылау жүргізу

Емшек сүті – бұл ерекше құрамы бар өнім екенін бәріміз білеміз. Бірақ бұл өнім стерильді емес. Оның құрамында әр түрлі бактериялар бар. Оның құрамында нәрестенің қалыпты ішек микрофлорасын құрайтын бифидобактериялар мен лактобактериялар бар. Бұл пайдалы микробтар. Ана сүтінде осы пайдалы бактериялардан басқа, «шартты патогендік» микрофлоралар да бар, олар көбінесе теріде, шырышты қабаттарда, ішекте болуы мүмкін және олар ешқандай зиян келтірмейді. Алайда, белгілі бір жағдайларда (иммунитеттің төмендеуі, созылмалы аурулар, жұқпалы аурудан кейін дененің жалпы әлсіреуі, ішек дисбиозы) олар тез көбейе бастайды, және әртүрлі ауруларды тудырады. Емшек сүтінде өмір сүре алатын негізгі бактериялар: стафилококктар (эпидермальды және алтын), энтеробактериялар, кандида тұқымдас саңырауқұлақшалар.

Ең қауіптісі алтын стафилакок (Staphylococcus aureus) болып табылады. Ол сүт безіне еніп, бала емізетін анада іріңді мастит тудыруы мүмкін. Баланың денесіне емшек сүтімен бірге енген стафилококк келесі ауруларды тудыруы мүмкін: энтероколит, терідегі іріңді қабыну, ішек дисбиозы.

Қазіргі уақытта әйелдердің босанған кейін маститпен ауыруы жиілеп кетуіне байланысты балаға емшек сүтімен инфекция қоздырғышын беру мүмкіндігі де арта түскен.

Анада мастит ауруы болса немесе баланың нәжісі бұзылған жағдайда, терідегі іріңді қабыну болса, емшек сүтіне бактериологиялық тексеру жүргізу ұсынылады.

Сенімді нәтиже үшін маңызды қадам – ол материалды дұрыс алу. Контаминацияны болдырмау үшін емшек сүтін қалай дұрыс жинау керек?

Алдымен стерильді контейнерді, тіпті екеуін сатып алу керек, өйткені сүтті әр сүт безінен алу қажет. Ыдыстарда қай кеудеден алынғаны туралы белгі болуы тиіс. Қолды жылы сумен сабынмен жуу керек. Сүттің бірінші бөлігі ағызылады, ол зерттеуге жарамайды, содан кейін дайындалған контейнерлерге 5-10 мл мөлшерінде сүт сауылады және қақпақтарын тығыз жауып, сүт алынған сәттен бастап 2 сағаттан кешіктірмей бактериологиялық зертханаға жеткізіледі.

0,2 мл мөлшердегі зерттелетін сүт сынамасы Staphylococcus тектес микробтарды бөліп алу үшін селективті тұзды ортаға (сарыуыз-тұзды немесе сүтті-тұзды агар) және Enterobacteriacae тұқымдасы мен түрін бөліп алу үшін эндо ортаға себіледі.

Ps. aeruginosa (көк ірің таяқшасы). Сүтте микроорганизмдердің басқа тұқымдастарының өкілдерін табылу мүмкіндігіне күдік туындаған жағдайда қосымша қан және шоколад агарына себу жүргізіледі.

Петри тостағандары егілген материалмен 18-20 сағатқа 370С термостатқа орналастырылады.

Екінші күні тостағандар тексеріліп қаралады, журналға тостағандағы колониялардың сипаты мен массивтілігі жазылады. Емшек сүтінде колониялардың жаппай өсуінің маңызы зор, өйткені біз жоғарыда айтқанымыздай, емшек сүтінің өзінде қалыпты бактериялар, яғни шартты патогендік бактериялар бар. Сондықтан, өсіп келе жатқан колониялардың саны 5-ке көбейтіледі (0,2 мл себілген кезде), өйткені массивтілік зерттелетін сүттің 1 мл-де колонияны құрайтын бірліктерден (КҚБ) көрінеді. 1 мл сүтте 250 КҚБ және одан да көп микробтар болған жағдайда микробтардың себіндісі массивті деп сипатталады, одан әрі микробтардың түрлері ажыратылып, қажет болған жағдайда антибиотиктерге сезімталдығы анықталады.

Ал КҚБ 250-ден аз болған жағдайда, ол массивті емес деп саналады. Яғни, микробтар рұқсат етілген мөлшерде және ол  анада да, балада да әртүрлі клиникалық көріністердің себебі болмайды дегенді білдіреді.